Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік департаменті мен компанияға қарасты 16 өндірістік басқарманың экологтары, сонымен қатар «Таза Су» ЖШС қызметкерлері сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
40-қа жуық маман «Бекет Ата» мен «Шопан Ата» тарихи-мұражайлық ескерткішіне жол тартып, аумақты қоқыс-қалдықтардан тазартты. Ағаш түбінің топырағын қопсыту, әктеу секілді істерді орындап, бірнеше түп тал екті.
– Сенбілік өте жоғары дәрежеде өтті. Ортақ іске жұмылып, біраз іс тындырдық. Біз өмір сүретін ортаны таза ұстау үшін әр азамат тазалықты өзінен бастау қажет, – дейді Қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік департаменті директорының орынбасары Амангелді Шілтенов.
Айта кетейік, Оғланды жеріндегі Бекет ата мешіті Ақтау қаласынан 290 шақырым қашықта орналасқан. Маңғыстау туралы айтқанда алғаш осы жерасты мешіті ойға оралады. Бекет ата мешіті қысы-жазы қонақ үзілмейтін, Маңғыстаудағы ең танымал орындардың бірегейі. Тұрғындар мен туристер мұнда жету үшін алдымен жол бойындағы Шопан ата мешітіне соғып, тәу етеді. Шопан ата Маңғыстаудың әулиелерінің бірі, сонымен бірге Бекет атаға жол сілтеген рухани ұстазы саналады. Бекет ата кешені Шопан ата мешітінен 70 км жерде орналасқан.